Павлодар тұрғыны Батырхан Шүкеновтің портретін өз ауласында салды
Суретші туындысын сүйікті әншісінің шығармашылығына арнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Енді Батырхан Шүкеновтің бейнесі Малайсары батыр көшесі, 4 мекенжайындағы үйдің тұрғындарын қарсы алады.
Павлодарлық Наталья Королёва өнер иесінің есімін ұмыттырмай, қала тұрғындарына оның шығармашылығын еске салуды жөн көрді.
– Оның есімі ел жадында сақталып, әндері әлі де шырқала берсе екен деймін. Батырханның дауысы ерекше ғой – күшті, жұмсақ, бірден танылатын өзіндік үні бар. Маған оның әндері де, орындаушылық шеберлігі де ұнайды. Портрет салатын қабырғаны да арнайы таңдадым. Ол өзім тұратын аулада, жұрттың көзіне бірден түсетін, адам көп жүретін жерде орналасқан. Қала тұрғындарына осындай шағын сый жасап, өзім сүйіп тыңдайтын өнер иесінің бейнесін есте қалдырғым келді, – деді Наталья.
Натальяның сурет өнеріне қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол көркемсурет мектебінде білім алып, өмірін шығармашылықпен байланыстырған. Қабырғаға сурет салу оған таңсық болмаса да, ашық аспан астында осындай көлемді портретті алғаш рет салды. Бұл жұмыс суретші үшін жаңа белес болды.
– Павлодарлықтар портреттің жанынан өткен сайын Батырханды еске алып, әндерін тыңдаса екен деймін. Мүмкін, оның шығармашылығын әлі танып үлгермеген жастардың бірі қызығушылық танытып, әндерін тыңдап көрер. Осылайша, Батырханның өнерін жаңадан танып, сүйіп тыңдайтындар көбейсе екен. Портрет қабырғадағы жай ғана сурет болып қалмай, жұртшылыққа әншіні еске салып, оның әндеріне қайта оралуға себеп болса деймін, – деді Наталья.
Портретті салуға Натальяға шамамен бір апта уақыт кеткен. Батырхан Шүкеновтің бейнесін қабырғаға түсіру үшін қасбеттік бояуларды пайдаланған. Барлық материалды өз қаражатына сатып алды. Бұл іске достары мен көршілері де қолғабыс етіпті. Бірі баспалдақ берсе, енді бірі эскизді қабырғаға түсіруге көмектесті.
Портретті салу кезінде Натальяға жаңбыр кедергі келтірген. Бір қызығы, Батырхан Шүкеновтің орындауындағы оның сүйікті әндерінің бірі «Жаңбыр» деп аталады.
Соңғы жылдары Павлодарда ғимараттардың қасбеттеріне салынатын үлкен суреттер – муралдар көбейіп келеді. Олар қаланың көшелерін көркейтуге бағытталған «Өнерлі шаһар» жобасы аясында жасалуда.
Жақында қалалық әкімдіктің шақыруымен Павлодарға Көкшетаудан суретші-дизайнер Мағжан Айтқожаев келді. Оның облыс орталығындағы екінші жұмысы – салт атты адам бейнеленген мурал. Бұған дейін Бекқожин көшесі, 1 мекенжайында павлодарлық суретші Ғалым Қаржасовқа арналған үлкен сурет пайда болған. Оның авторы да – Мағжан Айтқожаев.
Жоба аясында тұрғын үйлер мен ғимараттардың қасбеттеріне 20 мурал салу жоспарланған. Суреттердің тақырыптарын таңдағанда Павлодардың тарихи, сәулеттік және мәдени ерекшеліктері ескеріледі.