Баянауыл курортында әйгілі құсбегіні еске алуға арналған турнир өтеді

Баянауыл курортында әйгілі құсбегіні еске алуға арналған турнир өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жарысқа басқа қалалар мен аудандардан қатысушылар келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

13-15 желтоқсан күндері құсбегілік өнерінің үздіктері бас қосатын ерекше жарыс өтеді. Жарыс құсбегіліктен КСРО аңшылық өнерінің үздігі Мауия Әбікеевті еске алуға арналады.

Қатысушылар Екібастұз, Астана, Қарағанды қалаларынан, жалпы Ақмола облысынан, Баянауыл, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарынан келеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық тәрбие беру және ұлттық спортқа қоғамның қызығушылығын арттыруға бағытталған.

– Құсбегілік – тек спорт емес, ол біздің ұлттық рухымыздың, табиғатпен үйлесімнің символы, – дейді ұйымдастырушылар.

Турнир құсбегінің ұлттық киімін мен жабдықтарын бағалау, бүркітті қолға шақыру және шырғаға салу ретімен өтеді.

Сайыстың ашылу салтанаты 14 желтоқсан күні Баянауыл ауданының Қаражар ауылындағы Мырзашоқы тау-шаңғы базасында өтеді.

Баянауылдан шыққан әйгілі құсбегі, саятшы Мәуия Әбікеев 1972 жылы Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде алтын медальмен марапатталып, қазақтың құсбегілік өнері жайында өзге ұлттардың аңшыларына паш еткен. 1957 жылы саятшылық өнердегі жоғары жетістіктері үшін КСРО Тұтынушылар қоғамы орталық одағының қаулысымен «Аңшылық ісінің үздігі» атағы беріліп, қысқа ұңғылы бесатар карабин сыйға тартылған.

Құсбегі 85 жыл ғұмыр кешкен.