Қазақстандық арнайы жасақ Дубайдағы халықаралық турнирдің алтынын иеленді

Қазақстандық арнайы жасақ Дубайдағы халықаралық турнирдің алтынын иеленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дубайда әлемнің үздік арнайы бөлімшелерін біріктірген UAE SWAT CHALLENGE-2026 халықаралық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бес бәсекелі күн ішінде әлемнің 48 елінен келген 109 команда шеберлік, жылдамдық, тактикалық ойлау және өзара үйлесімділік бойынша бақ сынасты. Қазақстан намысын еліміздің күш құрылымдарынан құралған төрт ерлер командасы мен «Kazakhstan Tomiris» әйелдер құрамасы қорғады.

Жарыстың бесінші күні қатысушылар үшін ең қиын әрі серпінді кезеңдердің бірі Obstacle Course (кедергілер жолағы) болды. Осы сында «Kazakhstan B» командасы суырылып алға шығып, І орынды иеленсе, «Kazakhstan A» командасы үздік бестіктің қатарынан көрінді.

Турнирдің басты сенсациясы әрі мақтанышы – «Kazakhstan С» командасының жарқын жеңісі. Барлық жарыс күндерінің қорытындысы бойынша бұл ұжым UAE SWAT CHALLENGE-2026 турнирінің абсолютті жеңімпазы атанды. Жалпы рейтингте екінші орынды да қазақстандық «Kazakhstan А» командасы жеңіп алып, әлемдік тұғырдың алғашқы екі сатысын еліміздің еншісіне байлады.

Қорытынды кестеде өзге командаларымыз да лайықты нәтиже көрсетті: «Kazakhstan B» сегізінші орынға табан тіресе, «Kazakhstan Tomiris» әйелдер командасы 18-орынды, ал «Kazakhstan D» 20-орынды місе тұтты. 100-ден астам таңдаулы топтың арасында бұл өте жоғары көрсеткіш болып табылады.