Қос азаматтығы бар 500-ден астам адам ел аумағынан шығарылды
Олардың көбісі – Ресей азаматтары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, соңғы 5 жылда қоса азаматтығы бар 518 адам Қазақстан аумағынан шығарылған.
«Конституцияға сәйкес елімізде қос азаматтыққа жол берілмейді. Сондықтан ішкі істер органдары басқа мемлекеттің азаматтығы бар Қазақстан азаматтарын анықтау бойынша жүйелі түрде іс-шаралар қабылдауда. Бұл ретте, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға (21-бап) сәйкес, басқа елдің азаматтығын алғаны туралы хабарлау міндеті сол адамның өзіне жүктелген. Мұндай талаптарды орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабында жауапкершілік көзделген», - деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Осы орайда министрлік Тәуелсіздік алғаннан бастап қос азаматтығы бар қанша адамның анықталғаны туралы ақпарат жоқ екендігін алға тартады.
«Дегенмен, Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін соңғы бес жылда 3 515 (2018 жылы – 522, оның ішінде 425-іне айыппұл салынып, 97-сі елден шығарылды. 2019 жылы – 449, оның ішінде 393-іне айыппұл салынып, 56-сы елден шығарылды. 2020 жылы – 585, оның ішінде 543-іне айыппұл салынып, 42-сі елден шығарылды. 2021 жылы – 1118, оның ішінде 978-іне айыппұл салынып, 140 елден шығарылды. 2022 жылы - 841, оның ішінде 703-іне айыппұл салынып, 138 елден тыс жерге шығарылды) адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ведомствода.
Қос азаматтықпен елде жүргендердің көбі Ресей азаматтары екені анықталды. Бұл ретте министрлік қос азаматтық фактілері анықталған барлық адам Қазақстан азаматтығынан айырылатынын ескертеді.