Ақсу ауылдық аймағында екі отбасының үйлері жанып кетті
Өрт бүгін, 12 желтоқсанда Пограничник ауылында болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақсу қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыл тұрғыны Байғабыл Бақытбекке өрттен кейін бірден қайырымдылық ақша жинау туралы ақпарат жарияланған. Ауылдық округтер және Ақсу қаласы тұрғындарының қамқорлығымен 1 млн теңгеден аса қаражат аударылған.
- Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдігі тарапынан азық-түлік, заттар түрінде көмек көрсетілген. Қазіргі таңда отбасы іргелес көрші үйде тұрып жатыр, сол үйдің иесі 7 айға бөліп төлеуге үйін берді, - деді әкімдікте.
Екіншісі - Алена Вендельдің отбасына да қайырымдылық ақша жиналатыны туралы жарияланып, азық-түлік пен заттар түрінде көмек көрсетілген. Қазіргі таңда әйел адам ауылда үш баласымен азаматтық жолдасының үйіне орналасқан.
Екі отбасы да мәслихаттың шешімімен жергілікті бюджеттен берілетін әлеуметтік көмек алуға құжаттарын рәсімдеу бойынша кеңестер алған.