Алақан биометриясы: Павлодарда цифрлық көрме өтті

Алақан биометриясы: Павлодарда цифрлық көрме өтті
Фото: Валерий Бугаев

Оған қазақстандық алты компания қатысты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz.

Естай атындағы мәдениет сарайында «Digital Kazakhstan: Заманауи білім беру» атты педагогтердің облыстық тамыз конференциясы ұйымдастырылды. Шара аясында мәдениет сарайының фойесінде «Цифрлық білім берудің болашағы» атты цифрлық көрме өткізілді. Компания өкілдері Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа жасанды интеллект арқылы білім беру саласындағы оқытуды алға тартуға арналған құралдар, бағдарламалар мен платформаларды таныстырып, жаңа әдістемелер туралы айтып берді. 

Мысалы, «Bilim Сenter» функционалдық сауаттылықты дамытуға және бағалауға арналған инновациялық білім беру платформасында педагогтерге арналған пәндік курстар, оқушыларды оқудың әртүрлі кезеңінде тестілеу өткізіледі. 

Бұл – мұғалім мен оқушыға арналған электрондық журнал мен күнделік. Жергілікті атқару органдары платформаны енгізу туралы сұрақты өздері қарастырады. Олар мектебімізге қажетті деп ойлайтын болса, бюджеттік жоспарына енгізу мәселесін талқыға салады. Бүкіл үрдіс ашық конкурс түрінде өткізіледі, – деді отандық компанияның сату және клиенттермен жұмыс істеу департаментінің директоры Гауһар Шүленбаева. 

Ал «Alaqan» компаниясы алақан қантамырларын тану биометриясы өнімін шығарды. Ол кез келген жерде қолданылады. 

Мысалы, баланың мектепке кіріп-шығуы, асханада не алғаны, кітапханада қандай кітап оқығаны тіркеледі. Бағдарламаны қолдану үшін бірінші кезекте деректерді жинауға және өңдеуге ата-ананың рұқсаты керек. Бүгінде өнімді Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Тараз, Шымкент облыстарына енгізу жоспарлануда, – деді компанияның өкілі Ислам Исенгазиев. 

Оның сөзінше, алақан биометриясын енгізу үшін мектептерде турникеттер тұру қажет. Егер олар жоқ болса, жергілікті атқарушы органдар үшін аталмыш бағдарламаны іске қосу кезінде қаражат жағынан тиімді болмауы мүмкін. Аймақ басшысы түрлі платформаларды енгізер алдында балалардың қауіпсіздігі алдыңғы қатарда тұруы тиіс екенін атап өтті. 

Оқушылардың жеке деректер қорының қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ете аласыздар деген сұрақ қашан болса да туындайды. Өйткені, баланың қандай кітап алып, баға қойылғаны енгізіледі. Кибербуллинг деректердің таралуынан туады, – деді Асайын Байханов. – Сонымен қатар, балалар дұрыс контент қарау керек. Олар уақыттың басым бөлігін үйде өткізгеннен кейін, бұл мәселеде ата-аналармен жұмыс атқару қажет. Бізге де қапы қалмай, ата-аналар қаумымен белсенді байланыс орнату керек.

Облыс әкімі білім беру басқармасына жыл соңына дейін IT саласында әлеуеті бар педагогтер мен оқушылар үшін қолдау шараларын қарастыруды тапсырды.