Анасын балағаттаған: Павлодарлық тұрғынның тәртібіне жарты жылға шектеулер қойылды

Анасын балағаттаған: Павлодарлық тұрғынның тәртібіне жарты жылға шектеулер қойылды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол құқыққа қайшы әрекеттер жасап, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қамзин көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде 34 жастағы мас күйіндегі ер адам анасымен жанжалдасты. Кейінннен әйел полиция қызметкерлерін шақырды.

– Ер адам алкогольді ішімдік ішіп, анасына балағат сөздер айтып, жанжал шығарғаны анықталды. Ол отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушы бес тәулік қамауға алынды,– деді департаментте.

Материал мамандандырылған әкімшілік сотта қаралды. Ер адамның тәртібіне ерекше талап қойылды.

– Сот шешіміне сәйкес ер адамға алты ай бойы алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынады,– деді департаментте.

Айта кетейік, сот процесінде ер адам кінәсін мойындап, анасынан кешірім сұрады.