Ақсулық әуесқой спортшы жастарды спортпен шұғылдануға шақырады
37 жастағы Александр Козловтың спортпен тұрақты айналысқанына биыл 10 жыл, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Александр Козлов өзінің салауатты өмір салтын ұстануын бала кезінде жиі суық тиіп ауруымен байланыстырады.
⁃ Бір күні газет оқып отырып «Спорт денсаулықты нығайтады» деген мақалаға көзім түсті. Міне, сол күннен бастап спорт жайлы көп іздене бастадым. 90-шы жылдары барлық жасөспірімдер Жан-Клод ван Дамм, Арнольд Шварценеггермен, Сильвестер Сталоне түскен фильмдерді көріп, өздеріне үлгі тұтты, тіпті, көбісі оларға ұқсағысы келетін, - дейді әуесқой.
Александрдың айтуынша, ол екі жасқа толғанда әкесі 10 келілік жиналмалы гантель сыйлаған. Бәлкім оның спортты жанымен сүюіне сол да себеп болған шығар. Кейін өзіне қажетті спорттық бұйымдарды ол өзі сатып алған. Ұзақ уақыт жаттығуларды үйде жасап, арасында боксқа да уақыт таба білген.
25 жасында алғаш рет жаттығу залына келген ол бұл дағдыны әдетке айналдырса, көктем келе Александр велосипедпен жүруді және таза ауада жүгіруді де қолға алған.
⁃ Мен ешқашан кәсіби спортпен айналысқан емеспін, бірақ жұмыс істейтін кәсіпорында ұйымдастырылатын армресслинг, кроссфит сияқты жарыстарға үнемі қатысатынмын, - дейді ол.
Осы қыста Александр және оның әріптестері Ертістегі мұзда ойып шұңқыр жасап, шомылуды бастаған. Қыста мұздай суға түсу үшін Александр әуелі денесін үйрету мақсатында таңертең суық душ қабылдаған.
⁃ Бұл шынымен адамға ерекше сезім сыйлайды. Мұздай суға шомылғаннан кейін достарым лимон қосылған ыстық шай береді. Жалпы, сол кездегі сезім мен күйді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Маған өте қатты ұнады. Келесі қыс мезгілін күтудемін, - дейді Александр.
Ақсулық тұрғынның спортқа енді келетін адамдарға айтар кеңесі де жоқ емес. Мәселен, тамақтану кезіңде ақуыздың түсімі дене салмағының 1 киллограмына, көмірсулар - 3-4 грамм, май - 0,7-0,8 грамм мөлшерінде кемінде 1,2-1,6 грамм болуы керек. Ұсынылатын калория мөлшері - дене салмағының 1 кг-на 34-36 ккал. Тікелей жаттығу жасаған күні қуырылған тағамдардан, қаныққан майлардан және қарапайым көмірсулардан бас тартқан дұрыс.
Александр спортпен шұғылдану оның өміріне оң әсер еткенін, қазір өзімен бірге баласы да айналысатынын тілге тиек етті.
Анастасия Костеева.