Бапкер көз жұмды: Павлодардан футболға бара жатқан автобус жол апатына түсті

Көлікте балалар болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақмола облысы полиция басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы 18 сәуірде «Астана-Ерейментау-Шідерті» тас жолының 154-ші шақырымында, Ерейментау ауылының маңында «Мерседес» шағын автобусының жүргізушісі жүк көлігін басып озу кезінде тізгінге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Көлікте 14-16 жас аралығындағы 16 бала мен жаттықтырушы болған. Олар Павлодардан Астанаға футбол жарысына бара жатқан.
- Оқиға салдарынан команда бапкері сол жерде көз жұмды. Балаларды тексеріп шыққаннан кейін Ерейментау аудандық ауруханасының бөлімшесіне жатқызылды, - деп жазылған хабарламада.
Жекеменшік спорт мектебінің басшылары бір топ кәмелетке толмағандардың жарысқа кеткені туралы жергілікті атқарушы органдар мен полиция бөліміне хабарламаған, сондықтан патруль бірге ілесіп жүрмеген. Футбол клубының тәрбиеленушілері Астанаға жарысқа жалдамалы жеке көлікпен барған. Балалардың ата-аналары ортақ WhatsApp чаты арқылы келісімін берген.
Оқиға орнына облыстық спорт басқармасының басшысы мен облыстық құқық қорғау органдарының өкілдері барды. Барлық балаларды Павлодарға жеткізу үшін көлік ұйымдастырылды, бірақ ата-аналар оларды өздері алып кетуді шешкен.
Қазіргі уақытта балалар тексеріліп, 16 баланың 12-сі Павлодарда, ата-анасына тапсырылған, төрт бала әлі де ауруханада, ата-анасын күтуде.