Павлодар облысында із-түзсіз жоғалған оқушы табылды
9-сыныптың оқушысы жарыстан кейін хабарсыз кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жасөспірім Павлодар қаласында өткен жарысқа қатысқан. Жарыс аяқталғаннан кейін анасының келісімімен туыстарына қонаққа баруға сұранған. Алайда кейін оның жүрген жері белгісіз болып, туыстары полицияға жүгінген.
Жасөспірімді іздестіруге облыстық полиция департаментінің жеке құрамы мен ерікті іздестіру топтарының үйлестірушілері жұмылдырылды.
Тәртіп сақшылары бірнеше ондаған адамнан жауап алып, жасөспірім туралы ақпараттарды облыстың барлық полиция бөлімдеріне және көршілес өңірлерге жолдады. Жедел-іздестіру шаралары барысында оның жүрген бағыты анықталып, жасөспірім Ертіс ауданындағы ауылдардың бірінен табылды.
Қазіргі уақытта жасөспірім ата-анасына тапсырылды.
Полиция ата-аналарға балаларымен күнделікті сөйлесіп, олардың мектептегі жағдайына, оқуындағы жетістіктері мен қиындықтарына, сыныптастарымен қарым-қатынасына назар аударуға кеңес береді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, отбасындағы қолайсыз психологиялық ахуал баланың үйден кетуіне себеп болуы мүмкін. Егер бала үйден шығып, белгіленген уақытта оралмаса, уақыт жоғалтпай полицияға хабарласу қажет.