Павлодарда жол-көлік оқиғасынан екі жасар бала зардап шекті
Тағы екі адам жарақат алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз орталығы мәлімдеді.
- Омбы тас жолында көліктердің соқтығысуы туралы қоңырау сағат 18:56-да келіп түсті. Шұғылдықтың бірінші санаты бойынша оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы, сондай-ақ апаттар медицинасы орталығының бригадасы жіберілді. Мамандар 1 минутта апат болған жерге жетті, - делінген хабарламада.
Апаттан үш адам зардап шеккен. Оның біреуі 27 жастағы ер адам. Ол №1 қалалық ауруханаға жеткізілсе, екі жасар бала мен оның 32 жастағы әкесі облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Аталған жол-көлік оқиғасына қатысты полицейлер әзірге үнсіз.