Баянауылда түлектер мектепке кітаптар сыйға тартты
Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы жалпы орта білім беру мектебі ғимаратының ашылуына 50 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Білім ордасының жарты ғасырлық мерейтойына орай «Түлектер сыйы» акциясы аясында 2021 жылғы мектеп бітірген түлектердің атынан «Ауылға кітап» жобасы бойынша 50 кітап мектеп кітапханасына сыйға тартылды, – деді Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің әдіскері Махаббат Сәдуақасова.
Сыйға берілген құнды еңбектердің ішінде Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам», Дж Кехоның «Түйсігімен ойла», Дейл Карнегидің «Шешендік өнер» және тағы басқа кітаптар бар.
– Бүгінгі таңда балалардың көбі телефонға телміріп, уақытта бос өткізетіні жасырын емес. Ал мұндай сыйлық жастардың кітап оқуға деген құштарлығын арттырып, дүниетанымын кеңейтеді, – дейді әдіскер.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы жалпы орта білім беру мектебінде 108 оқушы білім алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін бүгінде шетелде жүрсе де туған жері Ертіс ауданының кітапханасына 500-ден астам кітап сыйға тартқан Меруерт Жұмагелдинова туралы жазған болатынбыз.