Екібастұзда ойын алаңдарына бейнекамералар орнату ұсынылды

Ойын алаңында орын алған келеңсіз жайтқа байланысты кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Зардап шеккен баланың әкесімен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді. Біз отбасына психологиялық көмек көрсететін боламыз. Мектеп психологіне зардап шеккен бала мен оның анасын психологиялық қолдау жөніндегі жеке жоспар құру ұсынылды, – дейді Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибигүл Иманғалиева.
Сонымен қатар, бұдан әрі психологтің осы балаға қатысты жұмысы комиссия отырысында тыңдалмақ. Бұдан бөлек, мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін балалар көп жиналатын ойын алаңдарына камералар орнату ұсынылды.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 1 шілдеде Екібастұзда әйел адам ойын алаңында кішкентай баланың басынан ұрған. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кеткен. Әйел адамның жеке басы анықталып, полиция аталған тұлғаның кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша тексеру жүргізуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.