Павлодарда полиция бөлімінің мүлкін бүлдірген ер адам қамалды

Павлодарда полиция бөлімінің мүлкін бүлдірген ер адам қамалды
ЖИ иллюстрациясы

Тәртіп сақшыларына келтірілген материалдық шығын 200 мың теңгені құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 1 қараша күні таңғы сағат 5:00 шамасында ер адам Солтүстік полиция бөлімінің бақылау-өткізу пунктіндегі мүлікті қасақана бүлдірген.

Лермонтов көшесі, 51 мекенжайындағы полиция бөліміне жеткізілген азамат жұмыс үстелін, компьютер мониторы мен процессорды, жеке заттарды сақтайтын шкафты, дабыл түймесін және басқа да жабдықтарды зақымдаған. Сондай-ақ электр сымдарын үзген.

– Сот отырысында азамат өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді. Оқиғаның мән-жайын даулаған жоқ және келтірілген материалдық залалды өтеуге міндеттенді, – делінген сот хабарламасында.

Полиция инспекторы сотта құқықбұзушылық туралы хаттаманы қолдап, келтірілген шығын көлемі 200 мың теңгені құрағанын растады. Іс материалдарын зерттеген сот ер адамның кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді. Нәтижесінде азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабының бірінші бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Қаулы заңды күшіне енді.