Халықаралық жарыстардың жеңімпазы павлодарлық оқушылармен тәжірибе бөлісті
Оқушылар спорт, дұрыс тамақтану, күн тәртібі және психологиялық тұрақтылық туралы кеңестер алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру ұйымдарында Дүниежүзілік денсаулық күні аясында #МенТаңдағанЖол республикалық челленджі өтуде. Іс-шараның мақсаты – оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, өзін-өзі сақтау мәдениетін дамыту және денсаулыққа жауапкершілікті қалыптастыру.
Қала мектептерінде тақырыптық сабақтар, кездесулер, спорттық және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі №41 мектепте өткен «Мен таңдаған жол» атты ашық сабақ болды.

– Шара мотивациялық кездесу форматында өтіп, оған құрметті қонақ ретінде марафоншы Александр Таранченко қатысты. Ол Кёльн, Томск, Новосибирск және Астана қалаларындағы халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері. Спортшы өзінің тәжірибесімен бөлісіп, тәртіп, ерік-жігер және тұрақты жаттығудың маңызын атап өтті, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында оқушылар спорт, дұрыс тамақтану, күн тәртібі мен психологиялық тұрақтылық туралы сұрақтар қойып, практикалық кеңестер алды. Ашық диалог форматындағы сабақ оқушылардың қызығушылығын арттырды.

Іс-шара соңында қатысушылар челленджге қосылып, салауатты өмір салтын ұстануға дайын екендіктерін білдірді. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар жастар арасында денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.