«Ертіс» футболшыларын мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру тоқтатылады

Команданың Премьер-Лигаға шығуы клуб үшін жаңа дәуірдің бастауын көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс басшысының орынбасары Айгүл Мәлікова «Ертіс» футбол клубының бюджетіндегі мемлекеттік қаражаттың үлесін біртіндеп қысқарту жөніндегі жоспарларын ортаға салды. Бұл бастамалар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» Жолдауында айтқан талаптарымен үндеседі.
– Тапсырмаларды орындау шеңберінде жеке инвестицияларды тарту бойынша жүйелі жұмыс басталды: демеушілермен 300 миллион теңге сомасында серіктестік келісім жасалды. Атап айтқанда, «Ertis» клубы мен «Қазақтелеком», «Kcell» және Activ бренді арасында ынтымақтастық орнатылды. Демеушілермен ынтымақтастық футбол клубын толық демеушілік қаржыландыруға біртіндеп көшіруге бағытталған. Команда Премьер-лигаға шыққан жағдайда оны одан әрі жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – деп мәлімдеді Айгүл Мәлікова.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында отандық футболды коммерцияландырудың қажеттілігін атап өтті.
«Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз.», – деп атап өтті Президент.
Еске сала кетейік, облыс әкімінің бастамасымен өткен жылы «Ертіс» клубының сабақтастығы мен регалияларын сақтап, оны жандандырды. Сол жылы футболшылар Екінші лигада өнер көрсетіп, бірден Бірінші лигада өнер көрсету құқығын жеңіп алды. Биылғы маусымда команда элиталық дивизионға қайта оралу үшін күресуде. Қазіргі уақытта «Ертіс» Премьер-лигаға шығуға кепілдік беретін кестеде екінші орында.
12 қыркүйекте команда ақтаулық «Каспиймен» кездеседі. Матч сағат 17.00 басталады. Тікелей трансляцияны Қазақстанның кәсіби лигасының YouTube-арнасынан көруге болады.