Ақтоғай ауданының экономикалық көрсеткіші артты
Аудан дамуының негізгі бағыттары ауыл шаруашылығы – астық өндірісі, ет-сүт және мал шаруашылығы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов мәлім етті.
– 2024 жылдың бес айының қорытындысы бойынша Ақтоғай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық макро көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда өсу серпіні байқалады, – дейді аудан әкімі.
Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысының экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде ауданда жалпы сомасы 5,55 млрд теңгеге төрт инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, 52-ден астам тұрақты және 180 маусымдық жұмыс орны құрылады.
– Сонымен қатар, бірқатар ауылдарда мемлекеттік мекемелерді күрделі, орташа жөндеу жұмыстары басталды. Шілікті ауылында 55 миллион теңгеге спорт залдың құрылысы басталса, аудан орталығындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеуі аяқталды. Бұл күрделі жөндеуге 131,2 миллион теңге қаражат бөлінді, – деді Қаршыға Арынов.
Бұдан бөлек, Ақжол ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жұмыстары жалғасуда. Естай атындағы орта мектепті күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Жобаға 156 миллион теңге жұмсалды.
Айта кету керек, Ақтоғай-Шолақсор облыстық маңызы бар автожолында жалпы ұзындығы 21, 33 шақырым орташа жөндеу жүруде. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 22,32 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуге төрт жоба әзірленіп, сараптама алынды.