Павлодар облысында ауыл тұрғыны әйелін өзі босандырып алды
Оған 103 диспетчері кеңес беріп тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, медициналық топ шақыруға бара жатқанда диспетчер қоңырауды «ұстап тұру» әдісі бойынша нұсқаулар берген.
– Жедел жәрдемге 31 мамыр күні шамамен таңғы сағат төртте Майқайың ауылынан шұғыл қоңырау түскен. Ер адам 24 жастағы жүкті әйелінің толғағы жиілегенін айтқан, – деп жазылған хабарламада.
Диспетчер шақыртуға медициналық топты жіберіп, қоңырау шалушыға босану кезінде қалай көмектесу керектігін айтқан.
Еске сала кетейік, Екібастұзда медициналық топ шақыртуға бара жатқанда жедел жәрдем диспетчері «қоңырауды ұстап тұру» әдісі бойынша жүкті әйелдің жолдасына телефон арқылы нұсқау берген. Жүктіліктің 41-ші аптасында болған 36 жастағы әйелдің толғағы басталған. Медициналық бригада жеделдіктің бірінші санаты бойынша мекенжайға жіберілді. Ақ желеңділер жеткен кезде бала дүниеге келген.