Павлодар облысында суармалы жерлердің көлемі артпақ
Аталған жерлердің 150 мың гектарға жуығы ауыл шаруашылығына тиесілі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов мәлім етті.
– Облыста 1 мамырдағы жағдай бойынша суармалы жерлердің ауданы 171 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі – 147,8 мың гектар. Бүгінгі таңда ауданы 6,1 мың гектар жер суармалы егістікке ауыстырылды. Биыл суармалы жердің жалпы ауданын 175 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр, – дейді Мұрат Хамитов.
Өңірде суармалы жерлердің жалпы ауданы 2020 жылдан бастап 65 мың гектарға ұлғайды, оның ішінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу бойынша 25 жоба іске асырылғаннан кейін суаруға 16,6 мың гектар енгізілді.
Биыл облыста жалпы ауданы 2,5 мың гектарға суарудың үш жобасы іске асырылды. 14,1 мың гектар алқаптағы суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу бойынша өткен жылдардан ауысатын бес жобаны іске асыру жалғасуда.
Айта кету керек, суармалы егіншілікті дамыту үшін Павлодар облысында 35,5 миллиард теңге сомасына жалпы ауданы 22,8 мың гектар суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу бойынша 35 жоба бар.