Павлодар облысында жайылым тапшылығына байланысты жаңа жерлер ұсынылды

Павлодар облысында жайылым тапшылығына байланысты жаңа жерлер ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір тұрғындары жер қатынастары, жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету, мал бордақылау алаңын орналастыру және басқа да мәселелермен жүгінді.

Павлодар ауданының Чернорецк ауылының тұрғыны жайылым тапшылығы мәселесін көтерді. Мәселені қарау қорытындысы бойынша жергілікті тұрғындардың мал жаюы және басқа да қажеттіліктері үшін 650 га астам жер айқындалды. Ал шалғайдағы мал шаруашылығы үшін тағы 700 га жайылымдық жер ұсынылды. 

Облыс әкімі жер пайдаланушылармен жұмысты жалғастырып, өңір тұрғындары үшін жайылымдық жерлердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Тағы бір өтініш Баянауыл ауданының Бірлік ауылы шекарасында мал бордақылау алаңын орналастыруға қатысты болды. 4 жер учаскесі белгіленіп, біреуі одан әрі келісу үшін таңдалды. Өңір басшысы заңнамада көзделген барлық рәсімдерді сақтап, мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.

Қабылдау қорытындысы бойынша барлық өтініштер жұмысқа алынды.

Жеке қабылдауға eGov.kz, E-otinish.kz немесе әкімдіктің WhatsApp желісі +7 702 166 16 61 арқылы жазылуға болады.