Павлодарлық оқушылар армян халқының ұлттық дәстүрлері туралы сыр шертті

Павлодарлық оқушылар армян халқының ұлттық дәстүрлері туралы сыр шертті
Фото: Рустэм Ануарбеков

Олар армян халқының үйлену той дәстүрін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Достық үйінде» «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» және «Салауатты сана» республикалық жобалары, Қазақстан халқы Ассамблеясының  30 жылдығы аясында облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен, «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен «Отбасы – тәрбие іргетасы» фестивалі өтті.

Фестиваль қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен ұғындыру арқылы өңіріміздің этностарының мәдениеті мен ұлттық дәстүрлеріне арналған. 11 қала мектебі мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының  этномәдени бірлестіктері ұлттық салт-дәстүрлерді көрсетті. Атап айтқанда, № 25 ЖОББМ «Айреник» армян қоғамы», Рафика Нұртазина атындағы ЖОББМ  «Джафар Жафарұлы Махмудов атындағы «Ватан» әзербайжан қоғамы», №18 ЖОББМ «Беларусь» мәдени орталығы»,  № 31 ЖОББМ «Эльбрус» өңірлік қарашай-черкес және кабардин-балқар ұлттық-мәдени орталығы», М. Әлімбаев атындағы ЖОББМ «Somang» Павлодар облысының корейлер қауымдастығы», № 27 ЖОББМ «Қырғызстан» ҚБ, № 39 ЖОББМ – «Павлодар облыстық немістер қоғамы»,.Мәшһүр Жүсіп атындағы ЖОББМ «Павлодар облысының татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы», Кенжекөл ЖОББМ «Павлодар облысы бойынша тәжік этномәдени орталығы»,  №17 ЖОББМ Павлодар облысының «Келажак авлод» өзбек орталығы, Ташенев атындағы ЖОББМ Павлодар облысының «Халкъан Барт» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі өз өнерлерін паш етті.

– Халықаралық отбасы күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің бастамасымен облыстық фестивалдің екінші кезеңі өтуде, – дейді Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Николашина.

Оның айтуынша, шараға қатысушылар неміс, корей, шешен, өзбек, қырғыз секілді халықтардың салт-дәстүрлеріне тереңірек үңіледі. 

– Біз жеребе тартқанда армян халқы түсті. Бүгін осы халықтың үйлену дәстүрін көпшілікке көрсетеміз, – деді № 25 мектеп директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назира Жандаболова.

Ұстаздың айтуынша, дәстүр бойынша қалыңдықтың анасы әрбір жастың екі иығына лаваш жабады. Сонымен қатар, армяндарда тәтті өмір тілеуі ретінде жастарды қасықпен балдан дәм татыру дәстүрі бар. Осылайша, ата-аналар жас отбасына молшылық пен амандық тілейді. Кейін қатысушылар армян халқының ұлттық биін биледі.

Айта кетейік биыл фестивальге 39 мектеп белсенді қатысты. Фестиваль үш кезеңнен тұрады. Ал, оның мәресі қазан айында қорытындыланады.