Павлодар облысында «Көктем-2023» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды
Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы екі кезең бойынша ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші кезең басқару органдары мен күштерін даярлау облыстық мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесі функционалдық міндеттерін орындауға бағытталды. Екінші кезеңде су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды жою кезінде азаматтық қорғау мемлекеттік қызметінің күштері мен құралдарын басқаруға назар аударылды.
– Оқу жаттығу жоспары бойынша Павлодар облысындағы ең күрделі жағдай Кенжекөл ауылында қалыптасты. Қардың көп еруінен Әбдіков және Көкжайық көшелеріндегі тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады, 15 тұрғын үйді су басу қаупі болды. Салдарынан 61 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 17-сі бала. Сонымен қатар қар шығару және еріген суды сору жұмыстары ұйымдастырылды, – дейді департаментте.
Ертіс өзенінде балық аулау кезінде бөлінген мұз айдынында қалған алкогольдік мас күйінде 45 жастағы ер адамды құтқару операциясы жүргізілді.
Тұрғын үй секторымен қатар шаруа қожалықтары мен шаруашылық құрылыстары су астында қалды. Су басқан тұрғын үйлерден, ауладан 50 бас ірі қара мен 70 бас ұсақ мал шығарылды. Кенжекөл ауылының шетінде жер үйіндісін шайып кету қаупі төнді. Топырақты тасымалдау және басқа техниканың жұмысы үшін қамысты шабу арқылы техниканың кедергісіз өтуі ұйымдастырылды. Бұл да өрт қауіпті кезеңдегі алдын алу шарасы болып табылады.
Сондай-ақ Ақтоғай ауданында Сілеті өзенінің арнасы бойынша кептелістің пайда болу қаупі туындады. Өзендегі мұзды жару үшін күрделі учаскелердегі кептелістің алдын алу мақсатында Шолақсор ауылына Павлодар облысы ТЖД жеке құрамынан алты адам мен екі техника, бір жүзу құралы, екі шынжырлы ара, бір мотопомпа, екі мотобура, бір электр генераторы жұмылдырылды.
Бұдан басқа, Қ.Сәтбаев атындағы каналдың №4 су торабының № 87 бөгетінде іс-қимылдар пысықталды, онда су қоймасының жер үсті ағынының суларымен толып кету қаупі шартты түрде жасалды. Толып кетудің салдары жер бөгеті учаскесінің эрозиясы, серпіліс толқыны және Шикылдақ ауылының төменгі бөлігін су басу болды.
Оқу-жаттығу кезеңінде облыс бойынша 40-тан астам практикалық іс-шара өткізілді. 276 техника мен 589 жеке құрамды тарту арқылы қар шығару, су өткізгіш құбырларды тазарту, су бұру арналарын орнату, далаларды тар жолақтармен қаралау, Сілеті өзенінің арнасындағы мұзды жұмсарту бойынша жұмыстар жүргізілді.