Баянауыл курорттық аймағына апаратын жол қайта жасалады
Елімізде туристік инфрақұрылым әжептәуір жаңартылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте дене тәрбиесі және спортты, сондай-ақ туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамаларының жобалары қаралды.
Туризм саласын дамытуға қатысты республиканың негізгі 10 турдестанициясында инфрақұрылымдарды жаңғырту, сервис сапасын арттыру, халықаралық аренада еліміздің туристік әлеуетін ілгерлету және т. б. шараларды іске асыру көзделіп отыр,
Атап айтқанда, Балқаш, Қапшағай, Алакөл және Баянауыл курорттық аймақтарына апаратын автожолдарды салу және қайта құрылымдау, демалыс аймақтарын мобильдік байланыспен 100% қамту, Шучье-Бурабай курорттық аймағында қажетті инженерлік желілер жүргізу, су қоймаларында қосымша суда құтқару станцияларын салу және т. б. іс-шаралар қарастырылып отыр.
Сонымен қатар жаңа әуе бағыттарын ашу, туристік қызметтерді цифрландыру, қонақ үй бизнесінде және саланың басқа секторларында стандарттарды арттыру жөнінде жұмыс жүргізіледі.
2030 жылға дейін барлық шараларды іске асырудың нәтижесінде ішкі туристердің санын 11 млн адамға дейін, шетелдік туристерді – 4 млн адамға дейін, салада жұмыспен қамтуды – 800 мың адамға дейін арттыру, сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісіне сәйкес туризмді дамыту бойынша Қазақстанды әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосу көзделіп отыр.
Фото: Константин Шелков