Павлодарда бірінші нарықтағы пәтерлерге сұраныс артты
Қазір құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар тұрғын үй нарығында соңғы айларда бірінші нарықтағы пәтерлерге сұраныс артып келеді. Қазіргі уақытта құрылыс нарығындағы нысандардың басым бөлігі BI Group пен Bazis-A секілді ірі компанияларға тиесілі. Олардың басым назары Астана және Алматы қалаларында. Дегенмен мамандардың айтуынша, бұл компаниялардың өңірге келуге ниеті жоқ деуге болмайды. Қазіргі уақытта олармен жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Бірінші нарықтағы пәтерлерге сұраныс артқаны «Наурыз» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап байқалды. Ипотекалық жоба тұрғындар арасында жаңа тұрғын үйге деген сұранысты айтарлықтай күшейтті. Бүгінде баспананың бұл санаты тұрғындар үшін баспана ғана емес, сапа мен жайлылықтың жаңа стандартына айналып отыр.
– Қашан нақты іске асатынын айту қиын, алайда келіссөздер белсенді жүріп жатыр. Ал тұрғындардың жаңа үйлерге деген сұранысы күн сайын артып келеді, – деді қалалық «Отбасы банк» филиалының баспасөз-қызметінің басшысы Мейрам Бағдатов.
Оның сөзінше, қалада бірнеше жаңа тұрғын үй бой көтерді. Атап айтқанда: «Усолка» шағын ауданындағы заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқан «Usolka City» кешені, «Ertis Firm» құрылыс компаниясының жобалары және «Залиха» тұрғын үй кешені. Олардың барлығы baspana.market сайтында қолжетімді.
Еске сала кетейік, өңірде жұмысшы мамандықтар иелеріне арналған «Наурыз Жұмыскер» жобасы іске асырылды. Оның аясында аймақтағы еңбек адамдары әлеуметтік жағдайларын жақсарта алады. Сонымен қатар, облыста «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына өтінімдер қабылдаудың жаңа легі басталды.