Павлодар облысының делегациясы Челябіде өткен халықаралық бизнес-форумға қатысты

Павлодар облысының делегациясы Челябіде өткен халықаралық бизнес-форумға қатысты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сапар барысында делегация бірнеше зауыттың жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

18–20 мамыр аралығында Ресейдің Челябинск қаласында «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Челябинск облысы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты бизнес-форумы өтті.

Делегацияны облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғужинов бастап барды. Форум аясында өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесулер өтті.

Сапар барысында павлодарлық делегация «Макфа» АҚ, «Завод роботов» ЖШҚ және Челябинск ұсталық-престеу зауытының жұмысымен танысты.

– «Макфа» компаниясы макарон өнімдері, ұн, жарма және дәнді дақылдар қауызын өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Ал «Завод роботов» – өнеркәсіптік робот-манипуляторларды сериялық өндіруге маманданған Ресейдегі алғашқы кәсіпорын, – деп түсіндірді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының баспасөз қызметі.

Кездесулер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, іскерлік байланыстарды нығайту және өңірлік өндірушілер өнімдерін сыртқы нарыққа ілгерілету мәселелерін талқылады.

Форум қорытындысы бойынша бірлескен бастамаларды іске асыру және өңіраралық серіктестікті одан әрі дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Сапар соңында делегация Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.