Павлодардағы №55 сайлау учаскесінде сайлаушылардың жартысына жуығы дауыс беріп үлгерді

Павлодардағы №55 сайлау учаскесінде сайлаушылардың жартысына жуығы дауыс беріп үлгерді
Фото: автор

Павлодарда мәслихат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Еркін Мәкешовтің айтуынша, №55 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі штаттық режимде, ешқандай заңбұзушылықсыз өтіп жатыр.

Учаскеге барлығы екі мыңнан астам сайлаушы тіркелген, қазіргі уақытта олардың жартысына жуығы өз таңдауын жасап үлгерді. Сайлауға алғаш рет келген азаматтар үшін комиссия естелік кәдесыйлар мен ақ тілектерін әзірлеген. Алғашқылардың бірі болып болашақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Margulan University 1-курс студенті Аружан Ахметова дауыс берді. Оның айтуынша, саналы таңдау жасау үшін кандидаттар мен сайлауалды бағдарламалар туралы ақпаратты алдын ала интернеттен зерттеп шыққан. Еркін Мәкешов бойжеткенге сыйлық табыстап, сайлау науқанына алғаш рет қатысуымен құттықтады.

Қаланың танымал тұрғындарының қатарында учаскеге жазушы, Павлодар қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымбек Жұматов келді. Журналистермен әңгімесінде ол қала тұрғындарының жергілікті өкілді органды қалыптастыруға қатысуының маңыздылығын атап өтіп, өңірді дамыту мәселелеріне тоқталды.

— Мәслихат депутаттары — жерлестерінің сұранысына ең жақын жүретін және жергілікті жердегі нақты мәселелерді жақсы білетін адамдар. Қалалық және облыстық міндеттердің қаншалықты тиімді шешілетіні олардың ұстанымына байланысты. Бүгінде Ертіс өзеніндегі кеме қатынасын жаңғырту және оның көліктік әлеуетін ашу мәселесі жоғары деңгейде қайта көтеріліп жатқаны қатты қуантады. Осы стратегиялық маңызы бар істі ресейлік әріптестермен бірлесіп мықтап қолға алғанымыз көңіл қуантады — біздің Ертіс өңірі үшін бұл экономикалық өсімнің кепілі, — деп атап өтті Ғалымбек Жұматов.

Тұрғындарға қолайлы болу үшін учаске аумағында төмендетілген бағамен азық-түлік өнімдерінің көшпелі саудасы ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала тұрғындары арасында әлеуметтік маңызы бар тауарларға сұраныс жоғары: келушілер жұмыртқа мен қантты толығымен сатып алып қойған, макарон өнімдерін де белсенді түрде алып жатыр.