Павлодарда өрттен қаза тапқан командирге мемориалдық тақта орнатылды

Павлодарда өрттен қаза тапқан командирге мемориалдық тақта орнатылды
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Іс-шараға ардагерлер, батырдың туыстары мен әріптестері қатысты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Құтқарушылар күні қарсаңында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан бөлімше командирі Машрап Арыстанбек Дулатұлына арналған мемориалдық тақта ашылды. Ескерткіш белгісі командир қызмет еткен № 12 өрт сөндіру бекетінің аумағында орнатылды. Жиналғандар бір минут үнсіздікпен батырды еске алып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. 

Іс-шара барысында Павлодар облысы ТЖ департаментінің басшылығы Рустамбек Амрин адамдарды құтқару үшін өз өмірін қиған қызметкерлердің батылдық іс-әрекеттері өшпес із қалдыратынын атап өтті.

2021 жылғы 25 ақпанда қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан Арыстанбек Машрап  өмірінің соңғы минуттарына дейін өз міндетін адал атқарды. Оның батылдығы мен батырлығы жас қызметкерлер үшін жарқын үлгі болып табылады, – деп атап өтті Рустамбек Амрин. 

Арыстанбек Машрап 2018 жылы өрт сөндіру қызметіне келіп, бөлімше командиріне дейін жұмыс атқарған. Жас кезінен бастап грек-рим күресімен белсенді айналысқан, облыстық, халықаралық жарыстарға қатысып, түрлі үлгідегі марапаттар, грамоталар мен медальдарға ие болған.

2021 жылғы 25 ақпанда 12-ӨСБ бөлімшесінің командирі азаматтық қорғау сержанты Арыстанбек Машрап әдеттегідей ауысымға шыққан. Шақыру келіп түскен кезде Ақсу қаласының шағын аудандарының бірі отқа оранған. Антына адал болған жауынгер қауіп-қатерге қарсы табандылық пен батылдық танытып, өртті сөндіру кезінде қаза тапты.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батырлығы мен жанқиярлығы үшін Арыстанбек Машрап қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.