Павлодарда жаңа логотиптің пайда болуына не түрткі болды?
Көпшілік оны қаланың жаңа нышаны деп ойлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева қала күні логотипін өзгерту себебін түсіндірді.
– Көпшілік қала күніне орай жасалған логотипті жаңа нышан деп ойлай бастады. Бұл – дұрыс емес. Екі жыл бұрын Павлодар қаласында орналасқан негізгі нысандар бейнеленген күлгін-қызғылт түсті логотип болды. Бірақ біз тарихымыздың қайнар көзіне оралғандықтан, тарихи элементтері бар жаңа логотип жасауды шештік, – деді әкімнің орынбасары.
Светлана Гладышеваның айтуынша, әкімдік тарихшылармен бірге Павлодар облысының аумағында қимақ елді мекені болғанын, ал Павлодар қаласы - Қимақ мемлекетінің астанасы Имакия екенін дәлелдеуге тырысуда.