Еңбек министрінің орынбасары Павлодарда әлеуметтік қолдау шаралары жайлы айтты

Ол бірнеше түйткілді мәселені көтеріп, облыс халқымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов іссапармен келіп, әлеуметтік саладағы негізгі бағыттар мен жаңа бастамалар жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында министрлік зейнетақы мен жәрдемақыларды уақтылы индексациялап келеді.
– 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап облыста орташа зейнетақы мөлшері 182 мың 700 теңгені құрады. 2023 жылдан бері кезең-кезеңімен базалық зейнетақы да өсіріліп жатыр, – деді Асқар Биахметов.
Әсіресе, көпбалалы аналарды қолдауға ерекше назар аударылған. Облыста «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және «Батыр ана» атағы бар бес мыңнан астам анаға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленуде. Сондай-ақ, биылғы жылы өңірде балаларды тәрбиелеуге және отбасыларға қолдау көрсетуге республикалық бюджеттен 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Вице-министр атап өткендей, қазір атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде тек табыс емес, отбасының шығындары да есепке алынады. Бұл – қолдауды шынымен мұқтаж жандарға жеткізуге бағытталған жаңа тәсіл. Павлодар облысында бүгінде 2 400-ден астам отбасы бұл көмекті алады.
Асқар Биахметов мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шараларға да тоқталды.
– Қазір елде 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар, оның ішінде Павлодар облысында – 29,5 мың. Инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында биыл өңірде 16 мыңнан астам техникалық оңалту құралы берілді. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтер порталы тұрақты түрде жетілдіріліп жатыр, – деді ол.
Жұмыс сапары барысында еңбек қатынастары да назардан тыс қалмады. Вице-министрдің айтуынша, «еңбек қауіпсіздігі – басты міндеттердің бірі. Қазір еңбек шарттарын цифрландыру арқылы аймақтағы 86% жалдамалы жұмысшы қамтылды. Арнайы әлеуметтік төлемдер енгізудің арқасында қауіпті жағдайда еңбек ететін бір жарым мыңға жуық қызметкер қолдау алды.
Асқар Биахметов сөз соңында әлеуметтік қолдау жүйесінің басты мақсаты – әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.
– Ең маңыздысы – мемлекет міндеттемелерін қысқартпайды, барлық зейнетақы мен жәрдемақылар толық көлемде төленеді. Біз үшін басты басымдық – шынайы мұқтаж жандарға көмек жеткізу, – деді вице-министр.
Оның сөзінше, әлеуметтік қолдау шараларының басты мақсаты – қоғамдағы әділдік пен теңдікті сақтау. Жаңа тәсілдер мен цифрландыру құралдары арқылы көмек шынайы мұқтаж жандарға дер кезінде жетіп, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталады.