Павлодарда қала мектептерінде қазақ сыныптарын ашу ісі қалай жүзеге асуда
Биыл барлық аралас мектептерде балаларды алғашқы қазақ сыныптарына қабылдау жұмыстары жалғасада, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім бөлімі ауқымы кең айтулы шараны облыстық «Қазақ тілі» ҚБ филиалымен бірлесіп Ш.Шөкин атындағы гимназия-мектебінде «Мемлекеттік тіл - менің болашағым» тақырыбында өткізді. Мұндағы мақсат аралас және орыс тілінде білім беретін мектептерде мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарды ашу және мемлекеттік тілді одан әрі дамыту болды. Диалог алаңына «Қазақ тілі», «Ақсақалдар алқасы», «Нұр Ана әлемі», «Қағандық», «Жебе» қоғамдық ұйымдарының өкілдері, журналистер, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалардың басшылары қатысты.
Кездесуде қатысушылар аралас мектептерде қазақ сыныптарын ашудың болшағы мен қазақ тілінде оқытатын мектептерде бірінші сыныпқа балаларды қабылдау туралы мәселелерді талқылады.
Мәселен, Ш.Шөкин атындағы гимназия-мектебінің директоры Светлана Завальная мұнда қазақ сыныптарын ашу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
- Бұл мектеп - қаладағы ең көне оқу орындарының бірі. Білім беру мекемесіне биыл - 85 жыл. Аталмыш жобаны іске асыру барысында бірқатар қиындықтар туындағаны жасырын емес. Бұл ауданда көптеген мықты қазақ мектептері бар. Осыған қарамастан, бүгінде қазақ сыныптары жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Мектепте 2297 оқушы оқиды, оның ішінде 94 оқушы қазақ сыныптарында білім алуда, - деді ол.
Павлодар қаласы білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Қыдралин «Аралас мектептерде қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашу бойынша жобаны іске асыру туралы» баяндады.
- Қаладағы 33 аралас мектепте 1-11 сыныптарға дейін қазақ тілінде білім алатын 330 сынып бар. Яғни мұнда 15427 оқушы мемлекеттік тілде білім алуда. Биыл да барлық аралас мектептерде балаларды алғашқы қазақ сыныптарына қабылдау жұмыстары жалғасуда, - деді Қуаныш Қыдралин.
Диалог алаңының қорытындысы бойынша қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, қала мектептерінде қазақ тілін дамыту бойынша одан әрі бірлескен қызмет туралы кешенді жұмыс жоспары талқыланды.