Қазақша дипломатия: Польша мен Қазақстан білім саласындағы әріптестікті кеңейтуде

Қонақ кез келген тілді меңгеруге болатынын дәлелдеді, бастысы – ниет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz ілшісі.
Польша Республикасының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда Торайғыров университетінде дәріс оқыды. Дипломат студенттер мен оқытушылар алдында сөз сөйлеп, кездесуді толықтай қазақ тілінде жүргізді. Ол Польша мемлекетінің 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуропалық Одақ Кеңесіне төрағалық етуі туралы айтты.
Университетке сапарынан бөлек, қонақ музейге барып, Павлодардағы «Полония» поляк этномәдени орталығының 30 жылдық мерейтойына қатысты.
– Университеттің археологиялық музейіне бардым. Маған әсіресе тас, қола және темір дәуіріне байланысты экспонаттар қызықты болды. Осы кезеңдерді тереңірек зерттегім келеді және барлығына бұған назар аударуға кеңес беремін. Сонымен қатар, «Полония» орталығының мерейтойында болдым. Бұл – Қазақстанда туып-өскен поляк ұрпақтарының төртінші буыны. Олар дәстүрлерін құрметтеп, ана тілін үйренеді және бай мұраны келесі буынға жеткізеді, – деп бөлісті дипломат Instagram парақшасында.
Кездесу барысында студенттер мен оқытушылар қонаққа Польшадағы Еуропалық Одаққа қосылғаннан кейінгі өзгерістер, жоғары білім беру жүйесі және Қазақстан мен Польша университеттері арасындағы серіктестік мүмкіндіктері туралы сұрақтарын қойды.
Айта кетейік, Торайғыров университеті агротехникалық факультетінің студенттері халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне ие. Ломжа қаласындағы қолданбалы ғылымдар халықаралық академиясымен жасалған келісімнің арқасында олар Еуропадағы ең ірі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысатын PrimaVega компаниясында тәжірибе жинақтайды.
Сондай-ақ, студенттер ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру, суару, жинау және қаптау технологияларын Еуропаның жетекші агроөнеркәсіптік холдингтерінің бірі Green Holding компаниясында меңгере алады.