Павлодарлық университетте қос диплом бағдарламасы іске асады
Қос диплом бағдарламасы академиялық ұтқырлық аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің мәліметінше, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім бағдарламасының жетекшісі Бағлан Жапарова Монғолияға іс-сапармен аттанды. Оқытушы мемлекеттік білім университетінің Баян-Өлгей аймағы филиалының директоры, PhD доктор Жылқайдар Қуанғанның ұсынысымен «Бастауыш білім» бағдарламасында оқитын студенттерге балалар әдебиеті пәнінен дәріс оқуда.
Бұдан бөлек, жергілікті оқытушыларға «Қазіргі білім беру жағдайындағы педагогтердің кәсіби құзыреттілігі» тақырыбында семинар-курсын өткізіп жатыр. Сондай-ақ, студенттер үшін кәсіби бағдар жұмыстары да жүргізілді.
– Осы кездесу аясында екі университет арасындағы ынтымақтастық байланыс тереңдей түспек. Бүгінде «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» және «Мектепке дейінгі білім беру» бағдарламалары студенттеріне арналған қос диплом бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты дайындық жұмыстары да жүргізілуде, – дейді профессор Бағлан Жапарова.
Оның айтуынша, Монғолия мемлекеттік университетінің Баян-Өлгей аймағы филиалының директоры Жылқайдар Қуанған бастаған профессорлық-оқытушылық құрамнан жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс тобы қос диплом бағдарламасының қос тарапқа тиімділігін ашып, кездесетін қиындықтарын жан-жақты талқылайды.
Сонымен қатар, келесі оқу жылына академиялық ұтқырлық аясында екі университет студенттері үшін тәжірибе алмасу жұмыстарын бастау мәселесі туралы сөз қозғалды.
Айта кетейік, қос дипломдық жоба бүгінде әлемдік тәжірибеде өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Бұл әсіресе бүгінде көрші елде тұратын және болашағын Қазақстанмен байланыстыратын қазақ студенттері үшін үлкен мүмкіндік болып отыр.
Алдағы уақытта екі оқу орын арасында қос дипломдық жобасы қолға алынуы ықтимал. Егер бағдарлама іске асса, Монғолиядағы қазақ студенттері елге келген жағдайда немесе Қазақстанда оқыған студенттер жұмыс бабымен, отбасылық жағдайымен Монғолияға барған жағдайда екі елдің дипломын бірдей алады.
Бұл бағдарламаға қатысатын студенттер төрт жылдық бакалавриаттың екі жылын Монголияда, екі жылын Қазақстанда оқитын болады.