Павлодар облысының тұрғындарын алыс жолға шықпауды сұрайды
Өңірде боран мен көктайғақ күтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 11 қараша күні аймақ аумағында ауа райы күрт нашарлайды.
– Өңірде жауын-шашын, жаяу бұрқасын және көктайғақ болады деп болжануда. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Осыған байланысты облыстың төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қонақтарға алыс жолға шықпауға кеңес береді, – деді Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері майор Қазбек Рымбеков.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 және 101 нөмірлеріне хабарласуға болады.