Павлодарда алимент төлейтіндер бос орындар жәрмеңкесі арқылы жұмыс таба алады

Павлодарда алимент төлейтіндер бос орындар жәрмеңкесі арқылы жұмыс таба алады
Фото: ӨКҚ

Бүгінде сот орындаушылары 195 алимент төлей алмайтын адамға хабарлама жіберді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы жеке сот орындаушылары Өңірлік палатасы басшысының орынбасары Асланбек Цечоев мәлім  етті. 

– Жыл сайын алимент бойынша берешек артып келеді. Себебі, егер адам ресми түрде жұмысқа орналаспаса, оның жалақысы республика бойынша орташа айлық жалақыдан есептеледі. Аталмыш көрсеткішті азайту үшін шешім қабылданды. Павлодар қаласының мансаптық өсу филиалында меморандум жасалып, 2024 жылға арналған бос орындар жәрмеңкесін өткізу кестесі ұсынылды,  – дейді Асланбек Цечоев.

Оның айтуынша, филиал айына бір рет бос орындар жәрмеңкесін өткізеді. Әрбір сот орындаушысы өз борышкерлеріне қол қойғызып, хабарлама жібереді. Кейін жәрмеңкенің өткізілетін күні мен уақытын, мекенжайын хабарлайды. 

Қазіргі таңда  қырық беске жуық алимент төлеуші аталмыш жәрмеңке арқылы жұмысқа орналастырылды. 

– Екінші рет ұсынысымыздан бас тартқан жағдайда тікелей сот актісін қасақана орындамау деп саналады. Тиісінше, материал сотқа түседі, – деп түсіндірді орынбасар.

Спикердің сөзінше, проблемалық алименттердің саны үнемі өзгеріп отырады. Сәйкесінше сот орындаушысы белсенді мәжбүрлеу әрекеттерін бастап, проблемалық борышкерді әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі туындаған кезде ғана алиментті өтей бастайды. Кейін дербес өтеу санатына немесе мерзімді орындауға ауысады. Тиімді әдістердің бірі – борышкерді жауапқа тарту.

Сондай-ақ, тәжірибе көрсетіп отырғандай, жәрмеңке нәтижесінің орындау сапасы жыл сайын жақсарып келеді. Арнайы топ құрылған сәттен бастап оң өзгерістер байқала бастады.

Айта кетейік, облысымыздың басқа қалаларында да осындай топ құру мәселесі шешіліп жатыр.