Павлодарда құндыз тон ұрлаған жалған полицей ұсталды
Ол тұрғындардың сеніміне кіріп, тонаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының 33 жастағы тұрғыны полиция қызметкерінің формасын киіп, алаяқтық жасаған.
26 қазанда қалалық полиция бөлімшесіне 63 жастағы зейнеткер келіп, 5 қазан күні оған Асхат есімді жігіт жүгінгенін мәлімдеді. Жігіт Павлодар қаласына оқуға келгенін және бөлмені шұғыл жалға алу керектігін түсіндірген. Ол әйелдің сеніміне кіру үшін өзінің жалған қызметтік куәлігін көрсеткен. Тура 20 күннен кейін ер адам пәтерді тастап, үй иесінің құны шамамен 700 мың теңгені құрайтын құндыз тонын ұрлап кеткен.
Ал 29 қазанда полицияға 20 жастағы қала тұрғыны келіп, 4 қыркүйекте сағат 03:00 шамасында беймәлім адам жатақхана бөлмесінен 50 мың теңге сомасында ақша ұрлағанын түсіндірді.
– Ұрлық фактілері бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған күдікті абақтыға қамауға алынды. Тәртіп сақшылары оның облыс аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын тексеруде, – деп хабарлады департаментте.
Айта кету керек, алаяқтан полицияның формасы мен жалған куәліктері табылды.