Павлодарлық фотографтың суреті республикалық байқауда үздік деп танылды

Павлодарлық фотографтың суреті республикалық байқауда үздік деп танылды
Фото: ІІМ

Оның жұмысы еліміз бойынша үздік бестікке енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Polisia.kz ақпараттық-медиа порталының мәліметінше, Ішкі істер министрлігінде дәстүрлі түрде өткізілетін «Серт» республикалық детективтік шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздардың туындылары жинақталған жаңа кітаптардың да тұсауы кесілді. Қаламгерлер додасы биыл үшінші рет өткізілді. Жарысқа өз шығармаларын республиканың әр аймағынан журналистер, жазушылар, әдебиетшілер жолдаған. Одан бөлек, биыл бәйгеге аумақтық полиция департаменттерінің қызметкерлері де қосылды. 

 Заң мен тәртіп және полиция тақырыбына осындай қызығушылық бізді қуантады. Жалпы детектив жанрының өзі оқырмандарға өте қызықты. Керемет туындылар кең аудиторияға жетуі тиіс деп есептейміз,  – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов. 

Бұл күні «Біздің полиция» фотобайқауының жүлдегерлеріне марапаттар табысталды. «Балалық шақтың қорғаны» номинациясы бойынша Камиль Аллаяровтың жұмысы үздік деп танылды.   

 Осында келгеніме өте қуаныштымын және алғысымды білдіргім келеді, – деді фотограф Камиль Аллаяров. 

Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жасалған бұл байқаулар әдебиет пен мәдениетті дамытуға, азаматтардың құқықтық санасын арттырып, құқық қорғау органдары қызметімен жақынырақ таныстыруға бағытталған.