Павлодар облысы дихандарына қанша текше метр су бөлінді?
«ҚазСуШар» өңірлерге жеткізілген су бойынша есеп берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, «Қазсушар» кәсіпорны еліміздің шаруаларына 3,9 млрд текше метр су берді.
– Павлодар облысы бойынша «Қазсушар» филиалы дихандарға 3,75 млн текше метр су берді. Судың басым бөлігі Қызылорда облысының егістіктеріне жіберілді – 1,8 миллиард текше метр, ал Атырау облысының шаруаларына керісінше 0,47 миллион текше метр бөлінді, – деп жазылған хабарламада.
Айта кетерлігі, әлемдік гидроқұрылыста теңдесі жоқ кереметтердің бірі – Қаныш Сәтбаев атындағы канал. Павлодар және Қарағанды облысы арқылы өтетін арнаның жалпы ұзындығы – 458 шақырым. Ал басты ерекшелігі – гидротехникалық нысан Ертіс өзенінің суын 418 метр биіктікке көтереді.
Еске сала кетейік, 9 шілдеде елімізде су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күні аталып өтті. Бүгінгі таңда «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандарын қосқанда еліміздің су саласында 10 мыңнан астам адам еңбек етеді.