Павлодар облысында аңшылар 30 мыңға жуық үйрек атып ала алады
Облыс аумағында күз-қыс мезгілінде 28 аңшылық шаруашылығында аңшылық маусымы рұқсат етіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев тамыздың 31-нен бастап 2025 жылдың 15 ақпанына дейін облыс аумағында күз-қыс мезгілі аңшылық маусымы ашылғанын мәлім етті.
Атап айтқанда, 31 тамыздан 30 қарашаға дейін – қаз, үйрекке, қасқалдаққа, 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін – борсыққа, 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейін – құрға, 2 қыркүйектен 30 қарашаға дейін – шілге, 2 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін – қабанға, 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін – Сібір елігінің аналығы мен лақтарына, 1 қарашадан 2025 жылдың 15 ақпанына дейін – қоян, түлкі, қарсаққа, 15 қазаннан 2025 жылдың ақпан айына дейін жыртқыш құстармен және итпен қоян, түлкі, қарсақ аулауға болады.
– Бекітілген квотаға сәйкес 28092 үйрек, 2034 қаз, 2086 қасқалдақ және 1179 құр алуға рұқсат етілді. Облыс аумағындағы 38 аңшылық шаруашылығының 28-інде күз-қыс мезгілінде аңшылық маусымы рұқсат етіледі, – деді Руслан Төлепбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, қалған 10 аңшылық шаруашылығында квота бөлінбегентіктен және резервтік қорда тұруына байланысты аң аулауға тыйым салынған. Бұл – Успен ауданындағы «Павловское», Ақтоғай ауданындағы «Ертіс», «Жамбыл», Баянауыл ауданындағы «Майқайың», Ақсу ауылдық аймағындағы «Қызылжар», Екібастұз ауылдық аймағындағы «Бозшакөл» аңшылық шаруашылықтары.
– Сонымен қатар, Шарбақты және Аққулы аудандарының аңшылық шаруашылықтары толығымен жабық. «Қызыл тау» зоологиялық қорығы, Баянауыл ұлттық табиғи паркі, «Ертіс орманы» орман резерваты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және олардың қорғау аймақтарында, «Ертіс өзенінің жайылмасы» қорығында аңшылық жүргізуге қатаң тыйым салынған, – деді ол.
Аңшылық жүргізгенде аңшыда аңшы куәлігі, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы немесе жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттама, қару сақтауға және алып жүруге рұқсаттама, жыртқыш құстармен немесе иттермен аң аулау кезінде оларға тиісті төлқұжаттар болуы керек екенін есте сақтауы керек.
Жануарларды заңсыз аулағаны немесе аңшылық ережесінің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Құстар мен жүнді жануарлардың бір данасы үшін залал бес АЕК, тұяқты жануарларға 7,5-тен 750 АЕК-ке дейін құрайды.