Павлодарлық логопед: Баланың кеш сөйлеуі себептерінің бірі – гаджеттер
Әрбір ата-ананы бүлдіршіннің тілі анық емес, сөйлемей жатқаны алаңдатады. Кейбірі баласына ызаланып, ашумен айтқыздырса, басқасы байыппен келіп, мамандарға жүгінеді. @Pavlodarnews.kz тілшісі павлодарлық логопед маманнан баланың тілі неліктен кеш шығады, оған қандай кедергі бар деген сұрақтардың жауабын білуге тырысты.
Алты жылдық тәжірибесі бар дефектолог-логопед Салтанат Шаймарданованың айтуынша, балалардың сөйлеу бұзылыстарына көптеген факторлар әсер етеді.
– Егер ана өте ауыр жүктілік кезеңнен өтсе, одан кейін қиын босанса, баланың есту қабілеті және орталық жүйке жүйесінің зақымдануы әбден болуы мүмкін, – деді Салтанат. – Ауыр босану –бұл баланың тілі шықпай қалуының басты себептерінің бірі десек те болады. Бала неврологиямен туып, сөйлеу қабілеттеріне әсер етеді.
Оның сөзінше, жүктілікті жоспарлау алдында ата-ана мұқият тексерістен өтіп, ауруларын емдеп шығу қажет. Болашақ ана өзін күтіп, күйзелістен аулақ болып, жүйкесін қоздырмай жүргені абзал. Әсіресе алғашқы триместр айларында сақ болу керек.
– Сәби дүниеге келген сәттен бастап, оның бүкіл даму процесін қадағалауға тырысу керек. Яғни, нәресте сізге қалай қарайды, дауыстарды қабылдайды ма, ойыншығын қай қырымен ұстайды. Оның барлығын невропатолог бақылайды, – деп түсіндірді Салтанат.
Әдетте 1,5-2 жастағы бала гуілдеп, дыбыстарды айтады. Егер де бүлдіршін төрт-бес жасқа дейін жетіп, бір де бір дыбыс шығармай, үндемей жүрсе және қатты дыбыстарды елемей, ешқандай реакция білдірмесе, онда ата-ана дабыл қағу керек.
– Бала дүние есігін ашқаннан кейін, невропатолог педиатр және сурдолог мамандардан қаралуы тиіс. Соңғысы баланың есту қабілеттерін тексеру үшін қажет, – деп атап өтті логопед-дефектолог маман. – Кейбір балалар сурдологқа көрінбей, есту мүкістігінің үшінші, төртінші дәрежелері анықталып жатқан жағдайлар да болады.
Салтанаттың пайымдауынша, әрбір баланың алғашқы сөйлей бастаған өзіндік жеке уақыты болады.
– Қазір даму деңгейі төмендеп кетті, себебі заманауи балалар өте жалқау. Ата-аналар баласының айтқанын орындап, барлық іс-әрекеттерді өздері жасайды. Бала бұған үйреніп, ымдап, көрсеткеннен басқа түк жасамайды. Осылай жасауға болмайды, – деп түсіндірді маман.
Ол логопедтер, дәрігерлер және басқа да мамандар ата-анаға бұйрық бере алмайтынын ескереді. Себебі, әрбір ата-ана өз баласын қалай тәрбиелеу керектігін біледі және басқалар араласқанды ұнатпайды.
– Біз өз жағымыздан ескертіп қана қоямыз. Осындай манипуляциялық әректтер неге әкеп соғуы мүмкін екенін айтып жүреміз. Көбінесе маған «мама, папа, бер» деп бір-екі сөзді айтып жүретін үш жастағы балалар келіп жатады. Ал бала осы сөздерді баяғыда, бір жасында айту керек еді, – дейді Салтанат.
Логопед ата-анаға бала тез сөйлеп кетуі үшін ең маңызды ережені үнемі айтып отырады: кішкентай бала жастайынан дербес, тәуелсіз болу керек.
– Бір профессордың айтқан сөзі бар – бала үшін бір нәрсе істеген кезде сіз оның ми жұмысының қызметін ұрлап жатқандай боласыз. Яғни, ми ұйқылы кезеңде болады. Балаға таңдау беріп, оның іс-қимылына ерік беру керек. Ол өздігінен киімін киіп, ойыншығын жинап, тамағын жеуге үйренісу керек, – деді ол.
Баланы сөйлеу қабілетін тежейтін үрдістің бірі – гаджеттер. Ата-аналар күнделікті өмірде асығыс жүріп, балаға қарауға уақыттары табылмайды. Сол кезде жыламау үшін телефон ұстатып, теледидар қосып қояды. Ал бала бұл кезеңде дамымай, жалқауланып кетеді.
– Бұл – қазіргі өмірдің тенденциясы. Ата-ана гаджеттерді иллюстрациясы бар, пайдалы, баланың ойын жетілдіретін кітапшалармен алмастыра алады. Сол кезде баланың сөздік қоры толығып, миы жұмыс істейді. Бала тынышталып, назары біқалыпты болады , – деді логопед-дефектолог.
Салтанат баланы қабылдаған кезде ең біріншіден оның сөйлеу дағдыларына емес, түсіністігі мен тәртібіне қарайды. Егер берген тапсырманы түсінбей, басқаны орындап отырса, не болмаса қатты шыңғырып, тыңдамай тұрса тілін шығаруға әлі ерте екенін түсінеді.
– Бұл екі базаны түзетпейінше, алға жылжу өте қиын. Баланы сөйлетудің алдында түсінік пен тәртіппен жұмыс жасаймын. Жүйкесі қоздырғыш келген балалар өте көп кездеседі, – деді спикер.
Тілі шықпай жатқанның тағы бір себебі – қоршаған ортамен байланыстың жоқтығы. Балалар үйде отырып қалып, ешкіммен сөйлеспей жатады. Салтанат кішкентай кезінен бастап балаларды дамыту орталықтарына жіберіп, қызығушылық бойынша үйірмелерге жіберуді кеңес береді. Сондай-ақ қолдың ұсақ моторикасын және жалпы физикалық деңгейін бір кезде дамыту өте маңызды.
– Далаға шыққан кезде балаңыз табиғатты сезіну керек. Басқа балалармен тіл табысып, олардың ортасында жүрсін. Ал үйде түрлі-түсті күріш, жармамен, сумен, құммен ойнатуға кеңес беремін.
Дефектолог маманның сөзінше, оған жүгінгендердің 80%-ы – ұл балалар. Яғни қыздар ұлдарға қарағанда ақпаратты тез қабылдап, ертерек сөйлей бастайды.
Салтанат баласы сөйлемей жүрген ата-анаға бақырмауға, ашуланбауға кеңес береді. Біртіндеп, байыппен түрлі сюжеттік кітапшалар арқылы сөздерді үйрету керек.
– Бала өскесін оған қатты тамақ беріп, шайнау процессін дамытуды ұмытпау маңызды. Оған қоса, дұрыс үрлеуді үйренсе, сөздері анық шығады.
Салтанат балалармен жұмыс істегенде логоритмика әдісін қолдануды жақсы көреді. Логоритмика – бұл музыкамен және сөзбен үйлескен қимылдар жүйесі. Ол арқылы бала әндер арқылы сөздерді жаттауға тырысады.