Павлодарлық студенттер жерасты өткелді этно стильде безендіреді
Қабырғада Мағжан Жұмабаев өлеңінің үзіндісі жазылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шаһар басшысы Хасар Хабылбековтің бастамасымен және қалалық депутаттар қолдауымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Сүйікті қалам» арт-челленджі басталды. Көркемсурет, политехникалық және ИнЕУ колледждерінің екінші курс студенттері Академик Сәтбаев көшесі бойындағы жерасты өткеліндегі қабырғаларына сурет салу жұмыстарын жүргізеді. Әр оқу орнынан 10-15 студент жұмылдырылады.
Қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Асхат Құсайыновтың айтуынша, үлкен «кенепте» Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңінің үзіндісі жазылады.
– Әр топтың өз эскизі бар. Граффитиде Павлодардың әдемі жерлерін көрсетеміз, – деді көркемсурет колледжінің студенті Елизавета Красноперова.
Сондай-ақ, қабырғаларда Мәшһүр Жүсіп мешіті, Бас поштадағы сағат, шіркеу, облыс әкімдігі, орталық жағажай және Павлодардың басқа да көрнекті жерлер салынады.
– Тұрғындар жерасты өткел арқылы жүргенде Мағжан Жұмабаевтың өлеңін оқып, қаланың әсем бейнелерін тамашалайды, – деді студент. – Біз арнайы бояу, қылқалам, маляр таспасын қолданып жатырмыз.
Ал политехникалық колледж студенттері қабырғалардың басқа жағын этно стильде безендіреді. Аталмыш оқу орнының студенті Дарья Гернердің айтуынша, олар салған суреттерде қазақтың ұлттық ою-өрнектерін, киімін, символдарын бейнелейді.
Жерасты өткелін безендіру бірнеше күнге жалғасады.