Павлодарлық опера жұлдыз Bvlgari іс-шарасында қошеметке бөленді
Әлемдік опера жұлдызы Мария Мудряк Алматы қаласында өткен люкс брендінің кешіне қонақ болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әнші әйгілі брендтің «The Icons» тақырыбына арналған көпшілік алдындағы талқылауына қатысып, қазақстандық мәдениеттегі және сәндегі «иконикалық» нышандар туралы пікір білдірді.
Италияда көп жыл тұрған Мария Мудряк кеш барысында сол елдің Жаңа жылдық салт-дәстүрлері туралы, сондай-ақ сұлулықты бағалау және отбасылық жылулықты сақтау мәдениеті туралы әңгімелеп берді.
– Мен үшін бұл стиль мен уақыт нышандары туралы жай ғана әңгіме емес, бұл өнер мен сұлулықты мен сияқты терең сезінетін адамдармен өткен өте жылы кеш болды, – деп жазды әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Кештің ең әсерлі сәті – жиналған тыңдармандар мен өнер сүйер қауымның Мария Мудрякты жақында берілген «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» жаңа атағымен құттықтауы болды. Әнші бұл атақты өзі үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік деп қабылдайтынын жеткізді.
Мария Мудряк Bvlgari брендіне және іс-шараны ұйымдастырған Айжан Тұңғышбаеваға алғысын білдіріп, Алматының керемет энергиясын ерекше атап өтті.