Павлодар облысында ластаушы заттар шығындылары азайтылды
Өңірлік даму орталығының алаңында облыстық экологиялық кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесу барысында облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков атмосфералық ауаның жағдайы және өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың ластаушы заттар шығарындыларын азайту шаралары жөнінде баяндама жасады. Ол нормативтік және нақты шығарындылар көлемінің төмендеу динамикасына тоқталды.
– Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қоршаған ортаға нақты шығарындылар көлемі 477 мың тоннаны құрап отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4 мың тоннаға немесе 5,9 пайызға аз, – деді ол.
Кеңес барысында қатысушылар бірқатар ұсыныстар жасады. Соның ішінде шаһардың солтүстік өнеркәсіптік аймағын қосу арқылы «Қазгидромет» қосымша мониторинг бекеттерін орнату ұсынылды. Бұл атмосфералық ауаның сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жиында «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк аймақ қалаларындағы көгалдандыру жұмыстарына жүргізілген қоғамдық бақылаудың нәтижелерін таныстырды.
«Берегиня-Био» қорының төрайымы Татьяна Пономарева халықты экологиялық ағарту және өсімдіктердің инвазиялық түрлерін азайту бойынша әзірленген іс-қимыл алгоритмінің қорытындысын ұсынды.
Айта кетейік, екі іс-шара да үкіметтік емес ұйымдар тарапынан облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында экологиялық сауаттандыру және насихаттау бағыты бойынша жүзеге асырылды.