Сот тәжірибесі негізінде: Павлодарда келісу комиссиясы мүшелері оқытылды
Одақтар үйінде кәсіподақтар бірлестігі ұйымдастырған келісу комиссиясының мүшелеріне арналған семинар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Семинардың қатысушылары – «Мемлекеттік, банк мекемелері және «Қызмет» қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» құрамына кіретін мекемелер мен ұйымдардың келісу комиссиясының мүшелері.
Кездесудің негізгі спикерлерінің бірі Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айгүл Хамитова болды.
– Судья қатысушыларға еңбек даулары бойынша сот тәжірибесіне жан-жақты талдау жасап, сот органдарының дауларды қарау жөніндегі негізгі тәсілдерін түсіндірді. Ол сондай-ақ келісу комиссияларының дауларды сотқа дейінгі реттеудегі жұмысының маңыздылығын ерекше атап өтті. Оқыту барысында медиацияны қолдану, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау, тиісті құжаттарды дұрыс ресімдеу және еңбек заңнамасына енгізілген өзекті өзгерістер туралы маңызды мәселелер талқыланды, – деді қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың баспасөз қызметі.
Оқыту қорытындысы бойынша келісу комиссиясының мүшелері тестілеуден өтіп, арнайы сертификаттарға ие болды. Бұл шара олардың кәсіби өсуіне және еңбек дауларын сапалы реттеуге жасалған маңызды қадам болып саналады.