Павлодар облысында қыста қияр мен қызанақ бағаларының өсуіне жол берілмейді
Облыс әкімдігінде өңірдің жылыжай кешендерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ынтымақтастық туралы меморандумға облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары Талғат Дұғалов пен Әділ Исин, сондай-ақ «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС және «Ақсу жылыжай кешені» ЖШС директорлары Аңсат Жаңатаев пен Наталья Куликова қол қойды. Құжат көкөніс өнімдеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және қыс мезгілінде үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Облыс әкімі Асайын Байханов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту стратегиясының маңыздылығын және инвестициялық жобаларды қолдау қажеттілігін атап өткенін жеткізді. Павлодар өңірінің жылыжай өнімдері тек ішкі нарықта ғана емес, елдің басқа өңірлерінде және шетелде де сұранысқа ие, бұл өз кезегінде бағаны реттеу механизмдерінің рөлін күшейтеді.

Өңірде «GREENHOUSE-QAZTOMAT» жылыжай кешенін 10,4 гектарға ұлғайту бойынша ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның құны 10,7 млрд теңгені құрайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін кәсіпорын Орталық Азиядағы ең ірі жылыжайға ие болады. Жоба жыл сайын қосымша 15,8 мың тоннаға дейін балғын көкөністер өндіруге және 114 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Келесі жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Бүгінде облыста жылына 14 мың тоннадан астам көкөніс өндіретін үш ірі жылыжай кешені жұмыс істейді. 2020 жылдан 2025 жылға дейін өңірдің жылыжай шаруашылықтарын дамытуға 312,2 млн теңге бөлініп, мемлекеттік қолдау көрсетілді. 2025 жылы электр энергиясына жұмсалған шығындардың өтемақысы 163,2 млн теңгені құрады.
– Біздің міндетіміз — қыс мезгілінде әлеуметтік маңызы бар көкөністердің және жоғары сұранысқа ие көкөністер бағасының қымбаттауына жол бермеу және нарықты тұрақты түрде сапалы өніммен қамтамасыз ету, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Меморандум аясында шаруашылықтар кемінде 140 тонна қияр мен 100 тонна қызанақты бекітілген көтерме бағамен – 1 келісі 850 және 800 теңгеден жеткізуге міндеттеледі. Әлеуметтік дүкендердегі бөлшек сауда бағасы қияр үшін 980 теңге/кг, қызанақ үшін 925 теңге/кг болады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде – қияр 890 теңге, қызанақ 840 теңге.
5 желтоқсаннан Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларына жеткізу басталады.
Фото: Валерий Бугаев