Павлодардан Курчатов қаласына дейінгі жол инфрақұрылымы жақсартылды

Павлодардан Курчатов қаласына дейінгі жол инфрақұрылымы жақсартылды
Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ресми арнасы

20 шақырымнан асатын жол учаскесі толықтай сапалы және заманауи талаптарға сәйкестендірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, Павлодар облысында «Атамекен – Ақсу – Көктөбе – Үлкен Ақжар – Курчатов қаласы» автомобиль жолының 195-216 шақырым аралығындағы жалпы ұзындығы 21 километр болатын учаскесі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. 

Жөндеу жұмыстары аясында 194 мың шаршы метр жаңа жол жабыны төселді, теміржол желілері арқылы екі жолөткізгіш салынды, бір айналма жолайрығы салынды, 122 жарықтандыру тірегі қойылды, 3 600 метр қоршау орнатылды, жүргізушілер мен жолаушыларға арналған демалыс алаңы орындықтармен жабдықталды.

Бұл жобаның іске асырылуы Мемлекет басшысы жақында болашақ ғылым қалашығы ретінде айқындаған Курчатов қаласының көліктік қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам болып табылады.  

– Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі – Курчатов разъезі маңындағы теміржол өткелінде автокөлік қозғалысының ұзаққа созылатын кептеліс мәселесін шешу. Күрделі жөндеу барысында теміржол желілері арқылы екі жолөткізгіштің салынуы теміржол маневрлеріне байланысты туындайтын кідірістерді толық жоюға және көлік қозғалысының үздіксіз, қауіпсіз әрі ыңғайлы болуына мүмкіндік берді, – деді компанияда.

Қазіргі уақытта Павлодар қаласынан Курчатов қаласына дейінгі бағыт бойынша қозғалыс толық ашылып, жол инфрақұрылымы қауіпсіздік пен сапаның заманауи талаптарына сай келеді. Бұл Курчатовтың ғылым қалашығы ретінде қалыптасуы және өңірдің жаңа экономикалық өсу нүктесіне айналуы тұрғысынан ерекше маңызға ие.