Баянауылдық медбике вандализмге қарсы экожобаны қалай іске асырды?
Жобаға 500 мың теңге көлеміндегі шағын грант бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданының табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасын қорғауға бағытталған әлеуметтік-экологиялық жобаның авторы – Аяжан Кенжесарина. Ол – Егіндібұлақ ауылының тумасы. Биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша университет тәмамдаған. Қазіргі кезде Майқайың кентінің емханасында медбике болып жұмыс істейді, үш баланың анасы.
«Чистота сакральных мест Баянаула – вандализму нет!» жобасының мақсаты – сакралды орындардағы вандализмді азайту, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тарихи-мәдени мұраны сақтау. Жоба авторының сөзінше, бұл – жай ғана тазалау емес, тарихқа, табиғатқа деген терең құрметті қалыптастыру. Бастама нәтижесінде ауданда вандализм көрсеткіші 50-70 пайызға төмендеді. Осылайша жоба өзінің маңыздылығын дәлелдеп отыр.
– Жұбайым екеуіміз биология пәнінің мұғалімі мамандығын бітіргендіктен табиғатқа деген қызығушылығымыз ерекше. Ал Баянауыл ауданының тумасы болғандықтан, туған жердің тазалығы біз үшін басты назарда, – деді ол.
Бастамаға 500 мың теңге көлеміндегі шағын грант бөлінді. Сол қаражатқа тарихи маңызы бар орындарда QR-кодтары бар 20 дана антивандалдық тақтайшалар орнатылып, алты эко-рейд және сенбілік өткізілді. Акцияға қатысқан барша қатысушыларға сыйлықтар табысталып, жобаның нәтижесін көрсеткен арнайы бейнеролик түсірілді. Сондай-ақ, сакралды орындар туралы ақпарат, фото және видеоматериалдар мұрағаты бар арнайы сайт іске қосылды.

Жалпы аудан азаматтары бұл жобаны жылы қарсы алды. Жергілікті бизнес өкілдері және мемлекеттік органдар бастаманы тұрақты түрде қолдап отырды. Қолдаушылардың ішінде жоба авторының жұбайы Бөгембай Бахитденов те бар. Жолдасы әрбір іс-шараға белсенді қатысты.
– Меніңше, бұл – маңызды әрі қажет бастама. Біз үш ірі ағартушылық іс-шара өткіздік. Атап айтқанда: лекция, эко-квест және бейнемарафон. Сонымен қатар, жоба іс-шаралары челлендж #ТазаБаянауыл ұранымен және тұрақты жарияланымдар арқылы әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды, – деді ол.
Аяжан Кенжесаринаның сөзінше, жобаны іске асыру кезінде бірнеше қиындықтар мен тәуекелдер кездесті. Нақты айтқанда: антивандалдық тақтайшаларды, цифрлық контентті жаңарту және ақпараттық материалдардың жақсы күйін ұстап тұру үшін тұрақты қаржылық қолдау қажет еді. Грант аяқталғаннан кейін волонтерлердің белсенділігі төмендеу қаупі болды. Мұны болдырмау үшін «ЭкоБаян» қауымдастығын және бизнес-құрылымдар мен әріптестікті нығайту бағдарламасы құрылды.

Спикер болашақта «ЭкоБаян» қауымдастығын ресми тіркеп, басқа ірі гранттық конкурстарға қатысу және волонтерлермен тұрақты іс-шаралар өткізуді жоспарлап жатқанын атап өтті. Өңір тұрғындары үшін жобаның арнайы сайты арқылы барлық ақпараттық, фото және бейнематериалдар қолжетімді.
Фото: Аяжан Кенжесарина