Павлодарда шағын футбол алаңдары көбейеді
Құрылыс жүргізілетін аумақтар қарастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков Теміржолшылар кентінің тұрғындарымен кездесті. Олар бұған дейін футбол алаңын орнатып беру жөнінде өтініш білдірген болатын.
– 2026 жылы облыс әкімінің қолдауымен Павлодар қаласында 10 шағын футбол алаңын орнату жоспарлануда. Қалалық қызметтер қазірдің өзінде тұрғындардың өтінімдерін қабылдап, коммуналдық ұйымдармен бірге аумақтарды зерделеуді жүргізіп жатыр, – деп жазды қала әкімі жеке парақшасында.
Теміржолшылар кентінде биыл бір шағын футбол алаңы салынды, алайда жоғары сұранысты ескере отырып, кенттің тағы бір бөлігінен екінші алаң орнату туралы шешім қабылданды.
Хасар Хабылбеков спорт бөліміне аумақтарды зерттеуді жедел аяқтап, мердігерді анықтап, 2026 жылдың көктемінде футбол алаңдарын орнату жұмыстарын бастауды тапсырды.