Қазақстанда сәулелік терапияның сапасын бақылаудың ұлттық жүйесі құрылады
Паллиативтік көмек орындары желісін кеңейту және бұл қызметтің қажет пациенттер үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ведомствоның алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі әрбір онкология орталығындағы жабдықтарды, олардың пайдаланылуын және кадрлармен қамтылуын бағалау бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды.
«Аудит нәтижелерінің негізінде 2026 жылғы 1 наурызға дейін сәулелік терапия сапасын бақылаудың бірыңғай ұлттық жүйесін әзірлеу; радиологиялық қызмет мамандарын даярлаудың мақсатты бағдарламасын дайындау, сондай-ақ кадр тапшылығы ең жоғары өңірлерге онкология резиденттерін жіберу қажет», – деді ведомство басшысы.
Өңірлерге радиологтарды даярлауға қосымша қаржыландыру қарастыру, сондай-ақ ядролық медицина, патоморфология және интервенциялық онкология бағыттары бойынша дәрігерлердің біліктілігін арттыруды жалғастыру ұсынылды.
Бұдан бөлек, елдегі онкоорталықтар сараптамалық эндоскопиялық орталықтарды жабдықтауды аяқтап, аз инвазивті технологияларды қолдануды кеңейтуі тиіс.
Алқа барысында медициналық ақпараттық жүйелерді жаңартылған диспансерлік және стационарлық науқастар регистрлерімен интеграциялауды аяқтау жайлы да тапсырма берілді.