Павлодарда әйелдердің рөлін арттыруға бағытталған бастамалар қарастырылды
Отырыста әйелдердің өндірістегі рөлін күшейтуге арналған бірқатар бастамалар да ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының базасында өңірлік Әйелдер қанатының қызметін дамытуға және заманауи қоғамда әйелдердің рөлін күшейтуге арналған жұмыс отырысы өтті.
Жиында әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейту, олардың әлеуметтік-экономикалық процесстегі рөлін арттыру, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу сынды маңызды тақырыптар талқыланды.
Жиынның жұмысын облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова ашты. Ол қазақстандық әйелдердің саясаттағы белсенділігін ерекше атап өтті.
– Саяси партиялардың әйелдер қанаттары қоғамдық өмірде ғана емес, нақты әлеуметтік мәселелерді шешуде де маңызды рөл атқарады, – деді Айгүл Мәлікова. – Олар жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге қатысады, әйелдер үшін кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға көмектеседі, білім беру бағдарламаларын ұсынады. Соның арқасында көптеген әйелдер отбасының әл-ауқатын қамтамасыз етуге, халықтың өмір сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының толыққанды қозғаушы күшіне айналуға мүмкіндік алады.
Партияның «Әйелдер қанаты» Өңірлік кеңесінің төрайымы Света Абдраманова екі жылда атқарылған жұмыстың нәтижелерімен бөлісті.
– 2023 жылдың қарашасында құрылғанына қарамастан, Әйелдер қанаты қысқа уақыт ішінде нақты міндеттерді айқындап, басты назарды әйелдердің жағдайын жақсартуға, олардың бастамаларын қолдауға және қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыруға бағыттады. Біздің мақсатымыз – өңір әйелдерінің әлеуетін толық ашу, – деді ол.
Спикердің айтуынша, облыстағы партия мүшелерінің жалпы саны 47 500 адамды құрайды, оның 54,4 пайызы – әйелдер. Яғни өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген 25 807 белсенді әйел «AMANAT» партиясы қатарында.
Өңірлік Әйелдер қанатының жұмыс органы – Кеңестің құрамында жергілікті мәслихат депутаттары, сарапшылар, 13 өңірдің өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар бар. Кеңестің басым бағыттарының бірі – денсаулық сақтау, білім беру, спорт салалары және Отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасының индикаторлары бойынша Жол картасының орындалуын бақылау.
Отырыста әйелдердің өндірістегі рөлін күшейтуге арналған бірқатар бастамалар да ұсынылды. Соның ішінде «Дені сау әйел – салауатты кәсіпорын» пилоттық жобасы ерекше назар аудартты.
– Қазақстанда алғаш рет іске қосылған бұл жоба өзінің маңыздылығын дәлелдеді. Біз өндірістегі әйелдердің еңбек қауіпсіздігіне, олардың денсаулығына қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеп, салалық министрліктерге нақты ұсыныстар жолдадық, – деді спикер.
Жұмыс аясында облыстың үш қаласы мен үш ауданында 12 кәсіпорынға бару ұйымдастырылған. Кездесулерде репродуктивті денсаулық, өмір сүру ұзақтығындағы гендерлік алшақтықты азайту, ерлер денсаулығы сияқты мәселелер қозғалды.
Отырыста балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы институтын күшейту мәселелері де сөз болды. Спикерлер бұл бағытта мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының маңызын атап өтті.
– Әйелдер қанатының міндеті – тек жобаларды іске қосу емес. Біз қоғамның әр саласында әйелдерге қолдау көрсететін жүйелі механизмдерді қалыптастыруға ұмтыламыз. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр, – деді Света Абдраманова.
Кездесу қорытындысында өңірлік Әйелдер қанаты қойған міндеттерді іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыратындарын жеткізіп, барлық әйел партия мүшелерін бұған барынша белсенді қатысуға шақырды.