Павлодарлық педагогтер жасанды интеллектің білім саласына ену қарқынын талқылады

Павлодарлық педагогтер жасанды интеллектің білім саласына ену қарқынын талқылады
Фото:pexels.com

Білікті сарапшылар тамыз конференциясында қазіргі оқыту жүйесіндегі жаңа технологияларды қалай енгізуге болатынын айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Естай атындағы мәдениет сарайында заманауи білім беру мәселелері бойынша «Digital Kazakhstan: Заманауи білім беру» атты педагогтердің облыстық тамыз конференциясы өтті. Оған 12 850 адам, оның ішінде 12 мың адам онлайн қатысты. Конференция лэд-экранда қосылған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтау сөзінен басталды.

2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша оқушыларымыздың халықаралық аренадағы жүлде қоры 424 медальмен толықты, оның ішінде елуі – алтын. Ең үздік жаһандық олимпиадаларда әрбір екінші қазақстандық қатысушы жүлделі орын иеленді. Мұның өзі сөзсіз сіздердің еңбектеріңіз, – деді Ғани Бейсембаев.  

Ал Павлодар облысы білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Үздембаева өзінің баяндамасында былтырғы оқу жылын қорытындылап, жаңа 2024-2025 оқу жылына қойылған міндеттеріне тоқталды. 

Оқу-ағарту министрлігі сараланған бюджетті қамтитын білім беру саласы үшін икемді қаржы моделін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде, – деп атап өтті баяндамашы. – Ағымдағы жылы педагогтердің еңбек жағдайларын қолдау және жақсарту бойынша кешенді шаралар жалғастырылды. Төрт жыл ішінде мектеп педагогтарының жалақысы екі есеге артты, 2023 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап балабақша жұмыскерлерінің еңбекақысы 30% -ға өсті, ал колледждердегі өндіріс шеберлеріне 35%-ға дейін қосымша ақы белгіленді. 

Оның сөзінше, биыл білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің жаңа моделі қалыптасқаннан кейін оқулықтардың жүз пайызы цифрлық форматқа ауыстырылды. 

Алдағы оқу жылында орта білім беру деңгейінде 2026 жылдан бастап білім беру мазмұнындағы пәндер санын азайтуға ықпал ететін функционалдық сауаттылықты, пәнішілік және пәнаралық интеграцияны дамытуды көздейтін жаңартылған оқу бағдарламаларын енгізу көзделген. Оқыту мен бағалауда жасанды интеллект элементтері біріктіріледі, – деді Гүлнар Үздембаева.

Ал IT-талдаушы, Қазақстан журналисттер одағының мүшесі, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі Тимур Бектурдың өз сөзінде жасанды интеллектің маңызы туралы ой қозғады.

Жасанды интеллект – бұл бұрынғы технологиялық өзгерістерден өте жылдам және өте алапат қарқынмен келіп жатыр. Сондықтан да бұған тездетіп ілесу қажет, өйткені компьютеризация уақытында, күнделікті жұмыс процесінде бұл ойлануға да уақыт қалдырмауы мүмкін, – деді Тимур Бектур. – Біз бұрын қандай да бір вакумның ішінде тұрған болсақ, қазіргі таңда кез келген Қазақстан азаматы әлемдік үдерістің майданына бірден шығады, яғни халықаралық деңгейге. 

Ол коронавирус аяқ астынан келген сәтте барлығы жанталасып онлайн форматқа өтуге мәжбүр болғанын еске түсірді. Сарапшы онлайн форматқа өткен кезде адамдардың біраз нәрседен құр қалып қоя жаздағанын байқады.

Онлайн білім беру контентінің аздығы, ата-аналардың e-mail не екенін білмейтіндігі, тіпті қарапайым Zoom, Skype конференцияларына қосылу мәдениетінен қалып қойғандығымызды көрсетті. Қазіргі таңда жасанды интеллектте осындай бір өте үлкен өзгеріс әкеліп жатыр,– деді Тимур Бектур.

Бұдан бөлек тамыз конференциясында Нұрлан Қиясов, Рүстем Ирбатыров, Мағжан Қыстаубаевтың баяндамалары тыңдалды. 

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов барлық сарапшылардың пікірімен келісіп, цифрландыру жүйесіндегі өзгерістер қазірдің өзінде еніп жатқанын атап өтті. 

Тамыз кеңесі – бұл дәстүрлі жиын ғана емес, білім саласының бүгінгі мен болашағын айқындайтын маңызды бас қосу. Қазіргі заманның талабына сай адамдарға білім беруден бөлек әлеуметтену жағынан өсу маңызды. Цифрландыру – бұл өте жақсы, себебі адамдардың өмірін едәуір жеңілдетеді. Алайда төмен әлеуметтену софт скиллстің жойылуына әкеп соқтырады. Оған эмпатия, сезім қабілеттері жатады. Яғни, осы арқылы біз жасанды интеллекттен ерекшеленеміз, – деді аймақ басшысы. 

Конференция соңында мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының басшылары мараптталды. Ал «Ең үздік орта білім беру ұйымы» конкурсының жеңімпазы – Май ауданы Малайсары жалпы орта білім беру мектебіне 64 миллион теңгеге ақшалай сертификат табысталды. Конкурста мұғалімдердің шығармашылығы, өсу динамикасы, оқушылардың білім сапасы, мектептің материалдық техникалық базасының қамтылуы бағаланған болатын.

Бұл грант біз үшін жаңа үлкен серпіліс береді. Жаңа мақсат, міндет қоятын боламыз. Осындай жетістік жалпы ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі деп санаймын, – деді мектеп директоры Анара Жетібаева. 

Бұдан бөлек оқытуда және тәрбиелеуде жоғары жетістіктерге жеткені үшін Павлодар облысы әкімінің арнайы гранты Павлодар қаласының № 33 сәбилер бақшасына, Ертіс ауданы Ұзынсу жалпы орта білім беру мектебіне, Екібастұз қаласы «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешеніне және Ертіс аграрлық-техникалық колледжіне берілді.